Ақынның шығармашылық мұрасы – өлеңдері, поэмалары мен философиялық ойлары әлем әдебиетінің құнды қазынасының қатарынан орын алады. Абай орыс тілінен көркем аударма жасады, ал, қазақ халқы сол арқылы орыс және Еуропаның үздік шығармаларымен танысты.
Абай өлеңі ең алдымен орыс тіліне аударылғаны белгілі. 1889 жылы «Жаз» өлеңінің жолма-жол аудармасы жергілікті газетте жарияланды (өлеңді аударған Абайдың досы Евгений Петрович Михаэлис /болуы мүмкін).
Абай өлеңдерінің шет тілдеріне аудармасы алғаш рет ХХ ғасырдың 50-жылдары жарық көрді. Мысалы, 1951-1955 жылдары ақынның бірнеше өлеңі моңғол тілінде жарияланды. Абай шығармаларын қытай тіліне профессор Ха Хуаньчжан (лақап есімі - Хабай) аударды. Ол 1950 жылы «Ескендір» поэмасын қытай тіліне аударды. 1958 жылы Абайдың екі поэмасын аударып, алдыңғы аудармасымен бірге «Абай. Три поэмы» жинағын шығарды. Қазақ ақыны Абай шығармаларын аудару саласында профессор Хабай көп іс атқарды. Ол Абайдың барлық шығармаларын қытай тіліне аударып, Абай туралы мақалалар жазды. Қытайда Абай шығармалары ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қытай қазақтарының Қазақ еліндегі туыстарымен қарым-қатынасы барысында кеңінен таралды.
Өкінішке орай, Абай Құнанбайұлының есімі және шығармалары бүкіл әлемге, Европа елдеріне белгісіз болып келді. 1959 жылы Европада алғаш рет «Қара сөздер» чех тіліне аударылды.
Бұл кітаптың алғысөзін чех жазушысы Франтишек Соукуп жазып, Абайды ұлы гуманист және демократ деп атады. Чехияның ХХ ғасырдың 50 жылдарындағы тағы бір әдебиет қайраткері А.Костан қазақ ақындары туралы жазған мақаласында Абай Құнанбайұлын қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ақын деп бағалады.
Дегенмен, Абайдың бүкіләлемдік деңгейде кеңінен танымал болуына Мұхтар Әуезовтың әлемнің 116 тіліне аударылған «Абай жолы» роман-эпопеясы әсерін тигізді. Бұл роман-эпопея 1953 жылы ағылшын тілінде, 1954 жылы – неміс тілінде, 1956 жылы – чех және венгр тілдерінде, 1958 жылы – француз тілінде жарыққа шықты. М.Әуезовтың «Абай жолы» романына шетел сыншылары ерекше пікірлер білдірді. Шетел оқырмандары осы роман арқылы Абаймен танысып, шығармаларын оқуға қызығу танытты.
Абай Құнанбайұлының шығармаларын шет тіліне аудару 1995 жылы – ЮНЕСКО Абай жылы деп жариялаған ақынның 150 жылдық мерейтойы жылы кең өріс алды.
Ғалымжан Мұқанов «Қара сөздер», «Ескендір» және «Масғұт» поэмаларын қазақ тілінен француз тіліне аударды. Иранда «Произведения и мысли Абая», ал Пәкістанда – «Избранные стихи Абая Кунанбаева» кітаптары шықты.
Лондондағы Абай Үйі аясында «Қара сөздер» аудармасы ағылшын тіліне аударылды (аудармашы Ричард Маккейн) және француз тіліне аударылды (аудармашы Антуан Гарсиа). Мерейтой жылы «Қара сөздер» қытай, корей, моңғол тілдерінде жарық көрді. Шетелде Абайдың «Қара сөздері» поэзиялық шығармаларына қарағанда кеңірек таралған. Оның себебі, поэзияны бір тілден екінші тілге аудару өте күрделі. Сонымен бірге, тілді жете меңгермей поэзияны аударуды екінің бірі жауапкершілігіне ала бермейді.
2000 жылдары неміс тілінде үш кітап шығарылды. 2001 жылы неміс тілінде «Abai. Buch der Worte» кітабы Германия Федеративтік Республикасы Елшісі Андреас Кертингтің алғысөзімен жарыққа шықты. 2007 жылы Германияның Кельн қаласында «Abai. Zwanzig Gedichte» кітабы шықты. Неміс тіліне аударған Берлиндік әдебиетші және аудармашы Лео Кошут. Ол кітаптың соңғы сөзін «Мой путь к Абаю и проблемы перевода его стихов» деп атады. «Абай. Двадцать стихотворений» кітабы «Kasachiche Bibliothek» сериясымен жарық көрді. 2010 жылы Қазақстандағы Германия Жылы Абай Құнанбайұлының 165-жылдығына орай неміс тілінде «Абай. Поэзия и проза. Слова назидания» кітабы Германия Федеративтік Республикасының Елшісі Райнер Шлагетердің алғысөзімен басылды. 2006 жылы болгар тілінде «Книга слов» және «Искандер и Масгут» поэмалары шықты. Алғысөз авторы – болгар ақыны және аудармашы Иван Иванов. 2013 жылы Варшавада «Abaj Kunanbajuly. Słowa» кітабының презентациясы поляк тілінде өтті. «Қара сөздер» аудармашысы Хенрик Янковскидің алғысөзі поляк тілінен аударылып, «Польша» бөліміне енгізілді.
Абай Құнанбайұлының шығармашылығы арқылы бүкіл әлемнің қазақ әдебиетіне деген қызығуы артады әрі мәдени және әдеби байланыстарды жақындатып, нығайтуға қызмет етеді.
Книги на языках мира |
|
|
Қазір 14 қонақ сайтта отыр және бірде-бір тіркелген қолданушы жоқ