Абайдың Семей қаласындағы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды мұражайы
1940 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында Ұлы Абайдың 95 жылдығына орай ашылды. Музейдің 7 тақырыптық залында Абай дәуірі жасалып, онда мұрағаттық құжаттар, Абайдың қолтаңбалары, фотосуреттер мен кітаптары, сондай-ақ Абайдың ақын-ізбасарларының қолжазба мұралары қойылған.
Мұражай өмірі оқиғалар мен есімдерге толы, оның тарихы Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханов, Төкен Ибрагимов сияқты көрнекті ғалымдармен тығыз байланысты.
1990 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ақынның әдеби-мемориалдық мұражайы Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы болып қайта құрылды.
"Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы
Мұражай-қорық құрамына Абай Құнанбаевтың кешені мен «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені енеді. 1945 жылы Абайдың 100 жылдығына орай Жидебайдағы қыстақ мұражай-үйі болып қайта құрылды. Ол Абайдың 125 жылдығына орай толық қалпына келтірілді және ақынның 150 жылдығына әдеби экспозициямен толықтырылды. Мұражай-үйі экспозициясы 5 бөлме мен 2 дәлізде орналасқан.
1995 жылы "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешені ашылды. Сәулетшілер – Б. Ибраев, С. Ағытаев, Л. Карпыков, жобалаушы – Т. Ержігітов, суретші - К. Алтынбеков. Мемориал тұжырымдамасының негізіне қазақтардың дүниетанымын барынша толық бейнелейтін дәстүрлі космогоникалық көріністер қабылданған.
Абай Құнанбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі
Абай Құнанбаев атындағы әдеби-мемориалдық музейі - Қарағанды облысы, Абай қаласында орналасқан мәдени-ағартушылық, тарихи-танымдық және ғылыми-зерттеу бағытындағы мемлекеттік мекеме. Музей алғаш рет 1979 жылы Абай қалалық атқару комитетінің мәдениет бөлімінің бастамасымен қоғамдық негізде құрылып, 1980 жылдың мамыр айында ресми түрде ашылды. 2008 жылғы 9 қыркүйектегі Қарағанды облысы әкімдігінің №25/10 қаулысына сәйкес, Абай ауданы әкімдігіне қарасты «Абай Құнанбаев әдеби-мемориалдық музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны облыстық деңгейге ауыстырылып, Қарағанды облысы мәдениет басқармасының қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік қазыналық мекеме ретінде қайта құрылды. Музей ғимаратының жалпы көлемі - 240 шаршы метрді құрайды. Музей қорында жүздеген құнды жәдігерлер мен құжаттар жинақталған.
Музейдің экспозициясы төрт негізгі тақырыптық залдан тұрады: 1. «Абай Құнанбаевтың өмірі мен қоғамдық қызметі» залы - бұл залда ұлы ақынның өмір жолы, қоғамдық-саяси көзқарастары, ағартушылық қызметі туралы материалдар хронологиялық жүйеде ұсынылған. 2. «Ұлы ақынның шығармашылық мұрасы» залы - бұл залда Абай Құнанбаевтың әдеби шығармашылығы, оның өлеңдері, қара сөздері мен аудармашылық қызметі ұсынылған. 3. «Абай және қазіргі кезең» залы - бұл бөлімде Абайдың заманауи өнердегі - кино, театр, бейнелеу өнері мен әдебиеттегі бейнеленуі көрсетіледі. 4. «Шерубай-Нұра - Абай қаласының тарихы» залы - бұл залда қазіргі Абай қаласының қалыптасуына негіз болған Шерубай-Нұра кентінің тарихи деректері ұсынылған.
Қазір 25 қонақ сайтта отыр және бірде-бір тіркелген қолданушы жоқ