Жоба туралы | Сайт библиотеки
Жоба туралы

abai175kz

Біздің Абай

Жоба туралы

«Біздің Абай / Наш Абай» электронды кітапханасының жұмысы қазақтың ұлы ақыны, жазба әдебиетінің негізін салушы, жерлесіміз Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына орай, 2014 жылы бастау алды. Біз электрондық кітапханада Абайдың раритеттен бастап заманауи басылымдарға дейінгі мұрасын толық қамтуға тырыстық. Кітапхананың маңызды бөлігін абайтануға байланысты әдебиеттер құрайды. Электрондық көшірмелер Қазақстан Республикасының авторлық құқық заңнамасына сәйкес пайдаланылады.

 

Әрине, аталған жобаны жүзеге асыруда отандық және шетелдік кітапханалардың атқарар рөлі зор. Біздің бастаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Абай атын. Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы, Әл-Фараби атын. Қазақ Ұлттық университетінің, С. Аманжолов атын. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханалары қолдады. Біз жобаны жұмыла жүзеге асыруға ықпал етіп, қолдау көрсеткен барлық серіктестерімізге алғысымызды білдіреміз!

 

Кітапхананы жасау үдерісі бірнеше кезеңді қамтыды. Алғашқы кезеңде Абай басылымдары іздестіріліп, олардың сақталған орны анықталды. Кітапхананың басым бөлігін А.С. Пушкин атын. Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының кітап қоры құрады. Сондай-ақ, біздің қордан табылмаған басылымдар да анықталды. Қазақстанның ірі кітапханаларына, таяу және қиыр шетел кітапханаларына серіктестікте жұмыс жасауды ұсынған және біздің қорда жоқ кітаптардың сандық көшірмесін берулерін өтінген хаттар жолданды.

 

Кітапхананы жасаудың екінші кезеңінде басылымдар электрондық нұсқаға көшіріліп, электрондық каталогтағы «Біздің Абай» жеке топтамасына орналастырылды. Топтама қашықтық пайдаланым үшін қолжетімді болғандықтан, Қазақстан Республикасындағы авторлық құқық нысанына қарайтын басылымдарға шектеу қою шарасы ескерілді. Сондықтан, бүгінгі күні басылымдардың басым бөлігін қашықтан оқу және жүктеу мүмкін емес. Кітаптарды сандық форматта тек кітапхана қабырғасында ғана оқуға болады. Мұның өзінде мәтінді көшіру, басып шығару т.б. әрекеттер жасау мүмкіндігі берілмеген.

 

Үшінші кезеңде кітапхана интерфейсін жасау, оның құрылымы, тақырыптық айдарларды ақпаратпен толықтыру, Абай шығармалары мәтінін мобильді нұсқадағы EPUB, FB2 форматтарына көшіру жұмыстары қамтылды. Электрондық кітапхананың технологиялық негізі - кітапхананың электрондық каталогы болып табылады. «J-Ирбис 2.0» бағдарламалық қамту программасы электрондық кітапхананың веб-нұсқасын құруға арналған платформа болды. Бұл кітапхана жұмысын елеулі түрде кеңейтуге мүмкіндік береді, соның ішінде: қарапайым іздеу, оқырман билеті мәліметінің көмегімен тіркелу, кітап оқуға қолайлы интерфейс, жарияланымдарға түсініктеме беру және бес баллдық шамада бағалау мүмкіндігі. Электрондық кітапханада Абай кітаптарымен, ол туралы еңбектер, сондай-ақ ұлы ақынның жеке тұлғасына қатысты мәліметтер жеткілікті.

 

Қазір біз төртінші кезеңдеміз, мұны соңғы кезең деуге болмайды, себебі ол кітапханамен жұмыс істеудің тұрақты үш бағытын қарастырады. Біріншісі – ресурсты өзектендіру. Ол кітапхананың жаңа басылымдармен толығуын ғана қарастырмайды, сонымен бірге, Абай жайлы жарияланымдарды ары қарай іздестіруді жалғастырады. Ең алдымен, олар – мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар және шетел дереккөздері.

 

Екінші бағыт – жеке адамдарға бағытталған, яғни Абай жайында жазған авторлар туралы, сондай-ақ, Абай шығармалары басылымдарына қандай да бір қатысы бар адамдар – аудармашылар, құрастырушылар, көркемдеушілер жайлы материал іздеу. Абай мұрасын қоғам байлығына айналдыруда көп еңбек сіңірген осы тұлғаларға ерекше құрмет көрсетуіміз қажет деп санаймыз. Бұл орайда біз кітапханалар мен жобаның әлеуетті серіктестері – басқа да ұйымдардан көмек күтеміз.

 

Үшінші бағыт, ең қиын да қызықты кезең. Бұл кезеңде авторлармен, баспалармен жұмыс істеу көзделген. Жалпы бұл жұмыстың құндылығын ескере отырып, айта кететін жайт, электрондық кітапханада ең маңыздысы кітап мұқабасы мен сипаттамасы емес, ең бастысы – шығарма мәтініне деген ашық қолжетімділік. Авторлармен, баспалармен келісімшарт жасасу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.