«АБАЙ ЖОЛЫ» эпопеясындағы ұлттық салт-дәстүр тағылымы | Сайт библиотеки
«АБАЙ ЖОЛЫ» эпопеясындағы ұлттық салт-дәстүр тағылымы

Біздің Абай

Біздің Абай

«АБАЙ ЖОЛЫ» эпопеясындағы ұлттық салт-дәстүр тағылымы

Ас беру

Ас беру

Ас беру - өлім-жітімде жсалатын кәденің соңғысы, еске алу рәсімі. Ас беруді "жылын беру" деп те атайды. Бұған арнайы сойылатын жылқыны марқұмның қырқында (қырық күн өткен соң берілетін ас-су) тұлдайды. Оған көбінесе марқұмның мінген аты белгіленеді.. Тұлдау — сол аттың қара терін шығарып барып суыту, жал-құйрығын күзеу. Сонан соң жүген-құрықтан азат етіп қоя беру. Қазақ асты бір жағынан той деп есептейді. Аста жүздеген ордалар, киіз үйлер тігіліп, үш жүзге бірдей сауын айтылады. Ат шаптырып, бәйге береді. Астан кейін ол үйде (ауылда) қаралы ту түсіріліп, азалы күй тоқтатылады.
«Абай жолы» романында да суреттелетін «Бөжей асы» да осындай астардың бірі. Ас болатын күні қонақтар жан-жақтан түгел ағылып келе бастайды. Ауылдың қонақ күтуші жігіттерінің жол көрсетуімен, қонақтар өздеріне арналып тігілген үйге түседі. Қонақ күтуші жігіттер сыпайы, тәрбиелі, аз сөйлеп, көп тыңдап, жылы жүзбен қонақтардың көңілін табуға тиісті. Қонақтар жататын үй, көрпе-төсек, сойыс-мал, ыдыс-аяқ, үй жасауы барлығын өзімен бірге ала келген ас берушінің туысқандары, қазан ошақтарын қонақтарға түтіні келмейтін алыстау таса жерге құрып, піскен асты үйдегі қонақтарға, су төгілмес жорғаға мінген, екі қолына екі табақ ұстап, аттың тізгінін аузымен тістеген епті жігіттер ат үстінде ас тасыған. М.Әуезов оны былай суреттейді:
«Табақ тартуға өңшең жорға аттарды сайлапты. Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғыта жөнелгенде, өлке бойы жайнап кеткендей болады. Астың күндізгі етін осы үйлер түгел жеп болған кезде, Байсал бір үлкен ақ боз атқа мініп, қасына қырық-елудей топ ертіп, қолына үлкен биік ағашқа орнатқан қарақшыны алып, атой беріп шықты. Қонақтар атқа мінсін, әзірленсін деген белгі. Енді бәйге, күрес, ат үсті сауық басталмақ...»
  Саятшылық  
 
СаятшылықҚазақ – қыраннан қырағылықты, тұлпардан тектілікті бойына сіңірген халық. Құстың «тілін» білетін және оның мінез-құлқын, жан-дүниесін, қасиеті мен табиғатын білетін адамдар бұрын көп болған. Қазіргі таңда біздің елімізде де құсбегілер баршылық. Зерек­тігі мен зерделігінен шығар, құстың да, иесіне адал иттің де «тілін» білген. Осындай ұлы өнерден қуат алған халық үшін ендігі парыз – өресін танытқан өнерді дәріптеу, келешек ұрпаққа қасиетін бұзбастан, аманат ету яғни ұрпақтан – ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Осы саятшылық өнер «Абай жолында» қалай суреттелді екен?
...Қарашолақ ытқи жөнелді. Бұл жолы ызалы ынтамен қос қанатын ширақ сермеді. Шапшаң оралып аз аязда ширақ айналып, қос қанатын қыса сермеп, екі –үш дөңгеленіп, биіктеп алды. Енді Тұрғанбайдың алдындағы құздың бауырына қарай қос қанатты аспанда бір қайшыландырып жіберіп, топшысын үшкірлеп, лезде құдия жөнелді. Тұрғанбай үн қатқан жоқ еді.
Алда не болғанын көрмесе де, Ерболмен Абай артта тұрып, «Түсті, түсті, түсті», «Не болса да бір жұмыс болды!», »Я,сәт!» десті. Тағы да сабыр, тақат таба алмай, Тұрғанбайдың қасынан аттарын борбайлатып, ағызып өтті. Құс түскен тұстан олар да асыға тебініп, ыра төмен кетіп барады. Бұл жолы Қарашолақ тайқыған жоқ. Абай астындаға құла жирен аттың ері мойнына кетіп, шоқтығынан асып, құларман болған қалпына қарамады. Әлі де етпеттеп, асығып келе жатып, дәл көз алдында оқ бойындай жерде-ақ Қарашолақ бағанағы құтылып кеткен ақшуланмен жұлысып жатыр екен. Абай енді бір басса, ер-мерімен аттың мойнын құшып құлайтындай. Сол кезде қатты шегініп, аттың қыр арқасына жайдақ міне сала, тағы тебініп, құс пен түлкінің қасына келді.
Аппақ қар үстінде қызыл түлкі, қара бүркіт құйқылжыған алыс қимылдарымен Абай көзіне ерекше бір ойда жоқ, оқшау суретті елестетті. Аузында :»» Я,сәт! Бәсе! Соролы Жанбауыр! Байқұның Қарашолақ!» деген неше түрлі ойсыз туған сүйсіну, айқай бар. Және сол кезде мынау көз алдындағы көріністі лезде көңіліне келген бір көркем суретпен теңейді...Аппақ етті, қызыл жүзді, қара шашты, қаса сұлу шомылып жатқан сәт пе? Абай аузына бір жол өлең орала кеткендей:
«Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...» - дейді. ..
Бұл жеткен шақта Қарашолақ түлкіні әбден мегдетіп, жұмарлап басып алыпты. Жуынған сұлудың қос шынтағы шашын көтеріп бүлкілдегендей. Арқасын жапқан қара шаштай боп, Қарашолақтың топшылары бүлкілдейді...
 
Жоқтау
ЖоқтауҚазақтың ұмыт бола бастаған салт- дәстүрінің бірі –жоқтау. Заман өзгерді ме, әлде кейінгі ұрпақтың салт-дәстүрден алшақтауы ма... не болса да соңғы жылдары қаралы жиын, жаназа рәсімінде жаныңды сыздатар жоқтаулар естілмей барады. Өлімнің азасы саналатын осы бір салт М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында қалай суреттелді екен? Оспанның әйелі Зейнептің жоқтауына назар аударайық:
«...Зейнеп ескі шежірені де біледі екен. Жоқтауының арасында Оспанның әкесі Құнанбай қажыны да қосады. Енесі Ұлжанды да туған анасындай, ардақтап жоқтайды. Оспанның үлкен әкесі Өскенбай биді де атап, мақтап кетеді. Кейде ұзақ айтатын даусына бұл ауылдардың арғы атасы Ырғызбайды да қосады.
Көп жастар «Ырғызбай» деген ру атын білгені болмаса, дәл сол Ырғызбайдың өзі немен даңқты болғанын білмейтін. Ұмытқан нәсіл есепті арғы заман адамын көп ойламайтын. Ал мынау білгір айтқыш келін Оспанды мақтау үшін оның балуандық, батырлығын айтады. Соны арғы тектен келе жатқан ата қасиеті етіп, көтере сөйлейді. Осындайда Ырғызбайдың жас кезінде «түйе балуан» болғанын да жыр етеді. ..Зейнептің дастанына Ырғызбайдың үлкендері тегіс ырза. «Талайдан бері айтылмаған жақсы жоқтау осы Зейнептік жоқтауы» десіп, көп жастарға жаттап алуға да бұйыратын.
Өлім арқылы да рудың жуандығын, өзге рулардан үстемдігін айтып беріп отырған келін көп Ырғызбайды мақтандырып, көтеріп қояды. Тегінде Құнанбай Өскенбай, Ырғызбай – бәрін мақтап, қара қазақтың «ардақтысы», «асылы» деп, күн сайын екі рет атырапқа естіртіп, жар шашып отырған жоқтаушылар өлі Ырғызбайды ғана емес, тірі Ырғызбайға да көп еңбек етіп отыр. Бұлардың айдынын асырып, кеудесін өсіреді.
Зейнептің қоңыр, сұлу даусын, әсерлі үнін тыңдай отыра, Абай қатар ойларын да көп ойлады.Арманда өткен Оспан бұны неше алуан дерт пен қапаға салып кетті. ...Қаралы келін даусына Абай іштей өз дауыс жоқтауын қосып, жалғасып, бірге жыласып отырады.
Өлім кешіріммен келеді. Қайтыс болған адамның жақсылығын ғана айтқызып, айып – міндерін ұмыттырады. ..»
 
Әмеңгерлік
ӘмеңгерлікМ. Әуезовтың «Абай жолы» романындағы салт-дәстүр көрінісі Қазақтың ежелден келе жатқан тағы да бір салт-дәстүрі – Әмеңгерлік.
Қазақтың салт-дәстүрінің осы бір жағы туралы жазушы Мұхтар Әуезов қазақ өмірінің энциклопедиясы аталған «Абай жолы»роман-эпопеясында нақты жазған:
   ...«Тәкежан үшінші күннің кеңесінде анық тың сөзін, үлкен сырын айтты:
- Жолың үлкен деп Абай, Ысқақ екеуің болып, бар байлауды маған бергенің рас болса, ендігі сөздің үлкені – қыстау және бәрінен түбегейлі сөзі шаңырақтар, жесірлер жөні. Сол шешілсе, өзгенің бәрі өзінен-өзі шешілгелі тұр. Оспаннан қалған үш әйел бар. Орайына үш әмеңгер бар екенбіз.» Солардың кімін кім алады?» - деп айнала жұрт та, өзіміз де әлі шешпей келдік. Енді менің айтқанымды алсаңдар, сол жесірлер туралы сөйлесейік! – деді.
Ысқақ бұған қарсы емесін Абайдан бұрын айтты. Абай жауабында бұл сөзге де қарсылық білдірген жоқ.
- Қалаған жесірлеріңді айтыңдар, ауызға алыңдар, - деді. Енді туыстарының шынын айтқызбақ. Тәкежан ол сырын іріккен жоқ. Өзінің Еркежанды алатын ниетін ашып салды. «Абай енді дәл осы тұста қайтер екен» - деп Шұбар да, не деп жауап айтарын Ербол мен басқа туыстары да білмеген. Абай бұл сөзге де жауабын іріккен жоқ. Тәкежанға билік, ерік өзіне берілгенін тағы айта келіп, ендігі таңдау да оныкі екенін айтты.
Сөз бұл ортада шешіліп қалды. Енді біраз отырыстан соң, әуелі Тәкежан үлесі тегіс анықталу керек екені мәлім болды. Ол аларын алып болған соң, өзге екеудікі оңай шешіледі. Ал Тәкежан алатын мұраның үлкені Еркежаннан басталған соң, енді онымен сөйлесу керек. Осыны ауызға алған Ысқақты Шұбар мен Ербол қостады....»
 Өлім-жітім жөнелту салты
 
Өлім-жітім жөнелту салты«Өлім бардың малын шашар, жоқтың артын ашар» -деген дана халқымыз. «Абай жолы» эпопеясындағы Бөжейді ақтық сапарға шығарып салу дәстүріне назар салайықшы.
....Сондықтан олар Бөжейдің үйіне салмақ түсірген жоқ. Керек десе бір лақты да өзінен шығартпасқа бекісті. Ертең бата оқыры, қонақасысы аз болмайды. Қара тіккен үй, әсіресе, өткен –кеткеннің бәрін шақырып тұратын үй болмақ. Шаршаған мен шалдыққан болсын, аш-арық болсын, алыс-жақының бөгде жүргіншісі болсын - баршасы да бұл бір жыл бойында ылғи ғана Божейдің үйіне түсетін болады. Солардың тие берсіні, тілек батасы Бөжейге сауап. «Өлгендердің артын күту, аруағын күту сол сауабын ойлауда. » деп молда, қожа көп өсиеттеген сөздерді де Байдалылар еске алды.
Сонымен Бөжейдің өз үйінің шығыны әлі алда жатыр. Ол санаусыз көп. Ендеше, мынадай қауырт шығасыны ол үйдің өзіне салмай, бөліп әкету шарт.
Жиылған ағайын ынтымағы сараңдыққа бой ұрмады. Бұл өлкеде талайдан болмаған бай підия және де осы Бөжейдікі болатын болды.
Бастығы Сүйіндік, Байсалдар болып, «Азаға салғаным», «қосқаным», «аруағына арнағаным» деп шеттерінен қос ат, інген, жамбы, тайтұяқ, қойтұяқ сияқты бұйымдар атасты. Сөйтіп кеңес аяғында підиясының өзі талай тоғыз болып саналды. Бас тоғызы түйе, екінші тоғызы жылқы, аяғы қой, ешкі тоғыздары және ішік-кілем сияқты тоғыздар еді.
Осы таңертеңде, дәл осы кеңесте, мынау қара тіккен ақ үйге бұдан былай мол жасау, қаралы сәнді жасау жиюдың жайы да байланды.
Сүйіндік, Байсал, Байдалы бәр-бәрінің үйлерінде тең, сандықтарында жатқан қаралы қалы кілем, қымбат ішік, өзгеше тон, түскиіз сияқты асыл бұйымдар тегіс осы үйге әкеліп жиылмақ. Түске жақын ақ үйдің ішіне әзірше жасау қып ілмесе де, ертең өлік шыққан соң ілетін боп барлық септің жасауларын да әкелісіп қойды.
Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қарасұр бәбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан-сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді. Екі бетінің ұштары жылап жартқан тырнақтың табын сақтап, жарадар боп тұр. Бөжейдің екі қызы да бастарындағы бөркін тастап, қара салыны шорт байласып алыпты. Бұлар әкесі өлісімен, қайғылы, шерлі, бір ұзақ жоқтаудың сарынын тапқан екен. Бүгін таңертеңнен бері жаназашыларға көріскенде сол жоқтауларын айтумен отыр.
Барлық Шыңғыс сыртындағы ұшы-қиыры жоқ, ен өлке, кең сала, мол жайлау, құйқалы адыр, қалың таулардан жұрт ағылды. Аңыраған ел жер қайысқан қалың топыр боп кеп, бірнеше күн жыласып, аза салып болды да ақыры Бөжейдің жаназасын шығарды....
 
Әдеп туралы
 
Әдеп туралыРоманда ұлтымыздың салт дәстүрі туралы көріністер көп-ақ. Соның бірі Әдеп туралы. Белгілі ойшыл, жазушы Ғ. Есімнің сөзіне назар аударайықшы:
Абай көптің ішінен шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: «Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр...Сәлем бер!» деді. (б.12)
Әуелгі сәлем әкеге, Ұлжан қаншама баласын сағынғанымен, әдептен аттай алмайды. Әдепті Абай да сақтауға міндетті. Әдеп бұзылса, ел ішіне «шайтан өрнек құрмақ». Қазақсың, ендеше елдің әдебін сақта. Сәлем үлкенге. Бұл жерде Құнанбай – тек Абайдың әкесі ғана емес, тегіс Тобықтының мырзасы атанған тұлға.
Әдепсіздік тек Абайға ғана емес, оның бір ұшы анасы Ұлжанға, әкесі Құнанбайға тиеді. Сырт көз мына баланың көргені жоқ па, әке-анасы қайда, неге айтылмаған деген сөз шығары анық. Сондықтан ел ішінде басқан әр қадамы санаулы. Бұл –тәрбие, көргендік. Мұндай тәртіпті анасы Ұлжан қалай бұзбақ. Ол - болмайтын іс. Айнала –көз, бәрін көріп тұр, реті келгенде бетке басар сөз болмақ. Қазақтың дәстүрлі қауымында сыншы көп. Ғасырлар бойы сұрыпталып қалыптастқан дала этикасын бұзуға жол жоқ. Абай осы жолмен келе жатыр. (Есім Ғарифолла. Кемеңгер Мұхтар. - Астана, 2017. - Б. 38.)